“Тұран” университетіндегі “Инновациялық даму жағдайындағы білім берудің психологиялық-педагогикалық мәселелері”атты VIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция

 In Жаңалықтар

2019 жылдың 3 мамырында «Тұран» университетінде «Инновациялық даму жағдайындағы білім берудің психологиялық-педагогикалық мәселелері» атты VIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми іс-шараны ұйымдастырушылар: Алматы қаласындағы «Тұран» университеті, Алматы қаласының Білім Басқармасы, «Балама Орталығы» ЖШС, «Тұран-Астана» университеті. Конференцияға қонақ ретінде ғалымдар, университеттер мен колледж мұғалімдері, педагогтар, психологтар, білім беру ұйымдарының басшылары, докторанттар, магистранттар мен «Психология» кафедрасының студенттері шақырылды.

Конференцияға Алматы қаласының 93 мектебінен 172 психолог және әлеуметтік тәрбиешілер қатысты.

Стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нұрмұханова Г.Ж. және «Психология» кафедрасының меңгерушісі, психол.ғ.к., доцент Касымжанова А.А., конференцияны салтанатты түрде ашық деп жариялап, қатысушыларды құттықтады. Мектептегі буллингтің, яғни әлімжеттіктің алдын алу мәселесімен пленарлық отырысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комитетінің мүшесі, Әйелдер шығармашылық бастамасының лидері Хайрулина А.У. бастады; «Ашық Әлем» аутизм балаларына қолдау көрсету орталығының президенті, «Балама орталығы» ерекше қажеттіліктері бар балалар орталығының директоры Архарова А. Қазақстанда аутизм спектрі бұзылулары бар балаларға көмек көрсетудің кешенді жүйесі туралы айтып берді; С.Ж. Асфендиаров атындағы «Қазақ Ұлттық медицина университеті» акционерлік қоғамының «коммуникативтік дағдылар» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Асимов М. А. копинг-стратегияларды тиімді қолдану әдістерімен таныстырды; «Тұран» университетінің профессоры Сангилбаев О.С. білім беру жүйесінде психологиялық қызметтерді ұйымдастыруға салыстырмалы талдау жүргізді; инклюзивті білім беру жағдайында қант диабетімен ауыратын оқушылардың психологиялық сүйемелдеуінің ерекшеліктері туралы № 51 мектеп-гимназиясының педагог-психологы, психол.ғ.к. Бредихина Н.И. баяндады.

Конференция аясында тоғыз мастер-класс өткізілді. Ерсарина А.К., Асимов М.А., Д. Фербер, Сапабекова З.К., Рогачева И.В., Тютенькова Л., Аканова Б., Сейткалиев Ж.К., Сейткалиева Ж., Ковальчук О.М. психологиялық кеңес беру және психотерапия салаларындағы өздерінің авторлық жұмыстарымен және тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияға қатысушылар ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің ерекшеліктерімен танысты, мектеп буллингінің алдын алу, педагогтің эмоционалды сауаттылығы туралы, білім берудегі кинезиологияның теориясы, практикасы, өзін-өзі басқару әдістері, жеңімпаз бен жеңілген адамның өмір сценарийі жайлы білімдер алды. Сонымен қатар, тұлғаның Эго-күйінің құрылымымен және гештальт-әдісіне оқытудағы психологиялық қауіпсіздікті ұйымдастырумен танысты. Барлық шақырылған қонақтар мастер-класстардың өнімділігі мен пайдалылығын атап өтті, өйткені олардың кәсіби және жеке өсуін арттыруға мүмкіндік беретін тәжірибелік дағдылар мен тәжірибе алды.

Recent Posts